«Жер-Ана тынысы» альбомының тұсаукесері
9 сәуір күні сағат 19:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жанындағы ARTE галереясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева ұсынған мәдени-музыкалық жоба — «Жер-Ана тынысы» альбомының тұсаукесері өтеді.
«Жер-Ана тынысы» жобасы — қазақ музыкалық мұрасын зерделеуге және насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға. Кеш аясында көрермен назарына әртүрлі тарихи кезеңдердің туындыларын тоғыстырған альбом ұсынылады: архив материалдары негізінде қалпына келтірілген көне халық әндері, ұлттық классика үлгілері, сондай-ақ заманауи композиторлардың шығармалары.
Жобаның тұжырымдамасы мәдени дәстүрлер сабақтастығы мен оларды қазіргі көркем кеңістікте жаңаша таныту идеясына негізделген. Музыкалық тіл арқылы альбом ұлттық жадыны, рухани құндылықтарды және қазақ даласының дыбыстық бейнесін жеткізеді.
Концерттік бағдарламаға белгілі мәдениет қайраткерлері мен кәсіби музыканттар қатысады:
- Тұңғышбай Жаманқұлов — Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көркемсөз шебері;
- Балуан Беркенов — Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі;
- Лаура Алпысбаева — концертмейстер;
- MAVRIDIS QUARTET камералық ансамблі;
- халық аспаптарында орындаушылар Айгерім Дайрабаева мен Жалғасбек Ілес.
«Жер-Ана тынысы» жобасы қазақ музыкалық өнерінің эволюциясын танытып, дәстүрлі ән мәдениеті мен заманауи музыкалық ойлау арасындағы байланысты ашады. Ұлттық мәдени құндылықтарды сақтау мен дамыту үдерісіне жас ұрпақты тартуға айрықша мән беріледі.
Дереккөз: almalife.kz