Абай атындағы ҚазҰОБТ опера труппасының стажері Әлихан Бейсеков халықаралық BraVo сыйлығының лауреаты атанды
14 сәуір күні Мәскеудегі Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театрының Тарихи сахнасында VIII Халықаралық кәсіби музыкалық BraVo сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шара барысында театрымыздың опера труппасының стажері, баритон Әлихан Бейсеков «Серіктес елдің үздік орындаушысы» номинациясы бойынша беделді марапаттың лауреаты атанды.
Әлихан Бейсеков — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Шалабаевтың класы бойынша тәлім алушы.
BraVo сыйлығы — классикалық өнер саласындағы ең беделді марапаттардың бірі. Ол жыл сайын Еуразия және Таяу Шығыс елдері артистерінің үздік жетістіктерін атап өтеді. Биылғы салтанатты рәсімге әлемнің 11 елінен, атап айтқанда Ресей, Бразилия, Қытай, БӘӘ, ОАР және тағы басқа мемлекеттерден өнерпаздар қатысты.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы Әлихан Бейсековті және оның тәлімгері Мұрат Шалабаевты лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтайды! Біз артистеріміздің халықаралық аренадағы табыстарымен мақтанамыз және жаңа шығармашылық жетістіктер мен шабыт тілейміз!

