Мәдениет көпірі: Абай атындағы ҚазҰТОБ сахнасында «Teatro Petruzzelli in Residence» халықаралық жобасы таныстырылды
2026 жылдың 29 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында бірегей мәдени-білім беру бастамасы — «Teatro Petruzzelli in Residence» жобасының іске қосылуына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Аталмыш жоба Қазақстан Республикасындағы Италия Елшілігінің қолдауымен және Еуропадағы ең беделді өнер ордаларының бірі — Teatro Petruzzelli (Бари қ., Италия) театры және Алматыдағы Итальян мәдениет институты, Қазақ Ұлттық опера және балет театрымен бірлесе жүзеге асырылуда. Бастаманың басты мақсаты — опера өнерін ілгерілету және Қазақстан мен Италия арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды нығайту.
«Teatro Petruzzelli in Residence» дәстүрлі шеберлік сағаттарының шеңберінен шығып, ауқымды халықаралық ко-продукция форматын ұсынады. Ынтымақтастықтың нәтижесінде 2026 жылдың күзінде театрымыздың сахнасында Джоаккино Россинидің «Алжирдегі итальян қызы» шедеврі сахналанбақ. Бағдарлама аясында итальяндық мамандар қойылымға қажетті барлық көркемдік және өндірістік материалдарды Абай атындағы ҚазҰОБТ-на ресми түрде табыстайды.
Шығармашылық ынтымақтастықтың болашағы мен алдағы қойылымның егжей-тегжейін талқылауға келесі тұлғалар қатысты:
Айнұр Сайлаубайқызы Көпбасарова — Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры;
Антонелло Де Риу — Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі;
Эдоардо Кризафулли — Италия Елшілігі жанындағы Итальян мәдениет институтының директоры, мәдениет жөніндегі атташе;
Никола Грациозо — Teatro Petruzzelli театрының әкімшілік директоры;
Джандоменико Ваккари — қоюшы-режиссер;
Элио Орчуоло — дирижер.
Шараның кульминациясы Абай атындағы ҚазҰОБТ опера труппасы жетекші солистерінің өнері болды. Баспасөз конференциясының қонақтары болашақ премьераның үзінділерін тамашалады: Оксана Давыденко «Алжирдегі итальян қызы» операсынан Изабелла ариясын орындады. Жандарбек Еркінбаев осы туындыдағы Мустафа ариясын орындады. Концертмейстер — Марина Өмірбекова.
Бұл жоба екі ел арасындағы мәдени диалогтың жаңа белесіне айналып, алматылық көрермендерге әлемдік классиканың тың интерпретациясын сыйламақ.
















