«Қан мен тер» трилогиясы желісімен дайындалған жаңа балет қойылымы ұсынылады
«Қан мен тер» трилогиясы желісімен дайындалған жаңа балет қойылымы ұсынылады!
Қойылымның бас демеушісі: Тимур Құлыбаевтың «Halyk» Қайырымдылық Қоры
Құрметті театр көрермендері мен мәдениет жанашырлары!
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, қыркүйек айында өзінің 93-маусымын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясының желісімен сахналанған 2 актілі «АҚБАЛА» балетінің премьерасымен ашады. Театр әкімшілігі қойылым жұмыстарының басталғанын ресми түрде мәлімдейді.
Театр директоры Айнұр Көпбасарова шығармашылық ұжымға қойылым хореографы — Берлин мемлекеттік балетінің көркемдік жетекшісі Аршак Галумянды таныстырды.
Жаңа балет қойылымының негізгі идеясы — адамгершілік пен ар-ұждан құндылықтарын би тілімен жеткізу.
Балеттегі оқиғалар XX ғасырдың басындағы тарихи кезеңді қамти отырып, Арал теңізінің жағалауында өрбиді. Сюжеттің негізінде Еламан, Ақбала және Тәңірберген арасындағы күрделі қарым-қатынастар мен психологиялық тартыстар жатыр.
Ақбала бейнесі — әлемдік әдебиеттегі Анна Каренина (Л. Толстой) немесе Аксинья (М. Шолохов) секілді кейіпкерлермен қатар қойылатын, ішкі жан дүние арпалысы мен таңдау қиындығын көрсететін тұлға. Кейіпкерлердің жеке драмасы арқылы сол кезеңдегі халықтың мінезі, төзімділігі мен ұлттық болмысы сипатталады.
Жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР-нің Халық жазушысы және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып келген «Қан мен тер» романы отандық әдебиеттің танымал туындыларының бірі болып табылады. Театр бұл шығарманың қазіргі заманғы сахналық нұсқасын дайындап отыр.
Бас партиялар мен жаппай сахналарда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры балет труппасының жетекші солистері мен әртістері өнер көрсетеді.
Жоба халықтың рухани құндылықтарын қайта зерделеуге және ұлттық бейнені жоғары балет өнері форматында көрсетуге бағытталған.
Қойылым тобы:
Либретто авторы: Шынар Омарова
Режиссер-хореограф: Аршак Галумян (Германия)
Дирижер-қоюшы: Нұржан Байбусинов (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері)
Хореографтың ассистенті: Томас Клейн
Композитор: Аружан Октябрь
Сценограф: Элеонора Перонетти
Жарық бойынша суретші: Татьяна Мишина
Костюмдер бойынша суретші: Азиза Саимова