Дамир Садуахасовтың Мариин театры сахнасындағы дебюті
Дамир Садуахасов опера өнеріндегі жаңа белестерді бағындыруда: мариин театры сахнасындағы дебют!
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Дамир Садуахасов халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, шығармашылық көкжиегін кеңейте отырып, қазақстандық опера өнерін әлемдік деңгейде лайықты танытып келеді.
2026 жылғы 6 және 8 қазанда өнер иесі Санкт-Петербург қаласындағы Мариинский-2 театрының сахнасында дебют жасап, Гаэтано Доницеттидің итальяндық бельканто өнерінің жарқын туындыларының бірі – «Анна Болейн» операсында лорд Ричард Перси бейнесін сомдады.
Қойылым К.С. Станиславский және Вл.И. Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театрының гастрольдік бағдарламасы аясында ұсынылды.
Бұл айтулы оқиғаның тағы бір ерекшелігі – Анна Болейн партиясын көрнекті опера әншісі Хибла Герзмава орындады. Қойылымның музыкалық жетекшісі – маэстро Феликс Коробов, режиссері – Сергей Новиков.
Мариин театрының әйгілі сахнасындағы дебют Дамир Садуахасовтың шығармашылық өмірбаянындағы тағы бір жарқын белеске айналып, халықаралық мансабының жаңа көкжиектеріне жол ашты.
Браво, Дамир! Сізге жаңа шығармашылық биіктер, жарқын жеңістер, партиялар, ұмытылмас кездесулер мен әлемнің үздік опера сахналарындағы зор қошемет тілейміз!
Құрметті көрермендер!
12 қараша күні сағат 19:00-де Дамир Садуахасов Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» операсында Граф Альмавива партиясын орындайды.
Қойылым КСРО халық әртісі, қазақ опера өнерінің аңыз тұлғасы Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың 100 жылдығына арналған фестиваль аясында өтеді.
