«МҰРА»: Абай атындағы театрдың ауқымды Open-Air концерті мыңдаған көрерменді жинады
Алматыда Абай атындағы театрдың 93-ші маусымының ашылуына арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті өтті
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 93-ші театр маусымының ашылуына және Алматы қаласының күніне арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті өтті. Ауқымды мәдени шараға 250-ден астам өнерпаз қатысып, концертті бірнеше мың алматылық пен қала қонағы тамашалады.
Концерт бағдарламасы Абай атындағы театр өнерінің сан қырын бір сахнада тоғыстырды. Кеш барысында симфониялық оркестр, операның жетекші солистері, хор, балет труппасы және джаз-бэнд өнер көрсетті. Бағдарламаға ұлттық және әлемдік классика, опера мен балет, джаз, этно музыка, кино әуендері мен әлемге танымал хиттерден тұратын 30-ға жуық шығарма енді.
Опера өнерін театр солистері Жамиля Басбакова, Гүлзат Дәурбаева, Зарина Алтынбаева, Оксана Давыденко, Надия Наденова, Наргиз Сатмұхамбетова, Андрей Трегубенко, Олег Татамиров, Дамир Сәдуахасов, Төлеген Рахымбаев, Балуан Беркенов және театрдың басқа да өнерпаздары таныстырды. Классикалық бағдарламаның маңызды нөмірлерінің бірі — Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы Калафтың әйгілі ариясы болды.
Кештің арнайы қонағы Жамиля Серкебаева аңызға айналған Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ әндерінен попурри ұсынды. Ол Олег Татамировпен бірге Сальве д’Эспозитоның танымал неаполитандық «Anema e core» («Жан мен жүрек») әнін орындады.
Кештің джаз бөлімі де көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Александр Трегубенко Барт Ховардтың әйгілі «Fly Me to the Moon» шығармасын орындаса, Гүлзат Дәурбаева Джером Керннің «All the Things You Are» әнін джаз-оркестрдің сүйемелдеуімен ұсынды. Бағдарламаның әсерлі қорытынды нөмірлерінің бірі — Фредди Меркьюридің «We Are the Champions» әні болды. Оны театр солисі Дамир Сәдуахасов орындады.
Бағдарламаның жеке бір желісі Алматыға деген сүйіспеншілікке арналды. «Сүйікті Алматы» атты мерекелік попурриде қаланың мәдени жадынан орын алған әуендер орындалды. Олардың қатарында Мансұр Сағатовтың «Алматым менің» және Александр Зацепиннің «Гүл Алматы» шығармалары бар.
Кеш бағдарламасында симфониялық кинопанорама да ұсынылды. Ашық аспан астында «Кариб теңізінің қарақшылары», «Өкіл әке», «Сақиналар әміршісі», «Аватар», «Ведьмак» және «Тақтар ойыны» фильмдері мен сериалдарынан танымал музыкалық тақырыптар шырқалды. Миллиондаған көрерменге таныс әуендер үлкен симфониялық оркестрдің орындауында жаңа ауқымда естілді.
Кеш бойы дирижерлік пультке Қуаныш Исмаилов, Мұхтар Қалдаяқов, Рүстем Қабылбай және Әбілқайыр Бейсеков кезекпен шықты.
«МҰРА» жобасының негізгі идеялық өзегін ұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» бастамасы құрады. Қазақстан табиғатының әсемдігі мен айбыны кештің визуалды концепциясынан көрініс тапты. Дала, тау, су, аспан мен табиғи ландшафттар ауқымды проекциялар арқылы музыкалық бағдарламаның визуалды жалғасына айналды.
Абай атындағы театрдың тарихи ғимаратының қасбеті үлкен көркемдік экранға айналды. 3D-проекциялар, лазерлік инсталляциялар, жарық шешімдері, от пен пиротехникалық эффектілер және 500-ден астам сахналық костюм концертке ауқымды open-air шоу форматын берді.