Парик лақтырған жоқ
Белгілі грим шебері Елена Коновалова сахна сыртындағы құпияларды ашуға үзілді-кесілді қарсы. Алайда бізге ол Қазақ ұлттық опера және балет театрында 39 жыл бойы қалай еңбек еткенін айтып берді.
— Мен бұл жерге әлі жас қыз кезімде келдім, небәрі 22 жаста едім. Ал ең алғашқы гримімді бес жасымда жасағанмын. Мына жерде мен бояп отырған ер адам — менің әкем, — деп Елена Николаевна күлімсіреп, ескі ақ-қара фотосуретті көрсетеді. — Ол «Қазақконцертте» ерекше жанр әртісі, иллюзионист, қарапайым тілмен айтқанда, фокусник болған. Мен балабақшаға барудың орнына әкемнің жұмысында уақыт өткізгенді қатты жақсы көретінмін. Ол кезде «Қазақконцерт» Алматыдағы Пушкин көшесінде орналасқан қазіргі қуыршақ театрының ғимаратында еді. Мен ол жердің әр бұрышын білетінмін, жергілікті әртістердің де, гастрольмен келген өнерпаздардың да барлық концерттеріне баратынмын: лилипуттер театры да, сығандар да, эстрадалық және би ансамбльдері де келетін. Ал үйде әкемнің өз фокустарына арналған реквизитті — сандықшалар, колбалар, орамалдарды — өзі қалай жасайтынын бақылағанды ұнататынмын. Біздің үйде Мәскеуден келген танымал фокусшылар да қонақ болатын. Мен осындай ортада өстім, бұл — тағдыр.
— Онда неге әртіс болмадыңыз?
— Өйткені бәрінен де сурет салғанды жақсы көрдім. Кеңес дәуірінде балалар суреттерінің байқаулары кең тараған еді, мен солардан үнемі жүлделі орын алатынмын. 4-сыныпта еңбек сабағында тігін тігуді үйренген соң, түрлі киім үлгілерін сала бастадым, киім модельері болуды армандадым. Кейін мақсатты түрде жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық қызмет көрсету техникумына шаштараз мамандығына оқуға түстім, қазір бұл — сервис колледжі.
Ал дәл грим суретшілерін ол кезде бүкіл Кеңес Одағы бойынша тек Шымкент пен Одессаның театр училищелерінде ғана оқытатын. Біздің мамандық бойынша жоғары білім мүлде болған жоқ. Грим шебері, әдетте, енді сахнаға шықпайтын бұрынғы әртістерден шығатын, олар консерваториялар мен хореографиялық училищелерде оқыған жылдары гримді пән ретінде өткен болатын.
Техникумдағы оқу маған қатты ұнайтын. Біз тәжірибеден ең беделді шаштараздарда өттік: Мира көшесіндегі әйгілі «Шолпанда», «Алма-Ата» және «Алатау» қонақүйлерінде. Ол жердің шеберлері бүкілодақтық байқауларда жеңіске жететін. Бірақ кейін мені бірінен соң бірі ауысып жататын клиенттердің тоқтаусыз легі қажыта бастады: әрқайсысының өз талабы, өз наразылығы бар, қайшысыңды қолыңнан жұлып алардай болып: мына жерін былай алыңыз, ал мына жерін олай жасамаңыз дейді! Сонда мен: бұл менікі емес, маған мұнда барудың қажеті жоқ, — деп ойладым. Ал театрда мүлде басқа атмосфера: бәрі өзіңдікі, бәрі жақын, толық түсіністік бар.
— Сахна жұлдыздары, қыңыр прималар мен премьерлер — жайлы, көнбіс адамдар дегенді алғаш естіп тұрмын. Театрда неше түрлі жағдай болады деген әңгіме көп қой!
— Мен мұнда алғаш келгенде, біздің гримші қыздар әдемі емес оқиғалардың болғанын айтатын: шашын дұрыс жасамаса, бірде парик лақтырған, бірде лигнин ұшқан, бірде бірдеңені дұрыс бермеген. «Олардан әлі талай көресің, талай жылайсың!» дейтін. Мен соны күтіп жүрдім, бірақ ондай жағдай бірде-бір рет болған жоқ.
Тек бір кез есімде: дәлізде көңілім түсіп жүрдім, өйткені ешкім мені өзіне жақындатпайды, жан-жақтан бәрі: «Инна! Инна!» деп шақырады. Бірақ ол мені жұбатты: «Мен алғаш келгенде бәрі де: “Фира! Фира!” деп айқайлайтын». Мұнда Фирдауз деген гримші болған.
Негізі әртістер тек өздері білетін, тексерілген адамдарға ғана сенеді. Сондықтан маған қолымды кордебалеттегі жігіттер мен хордағы қыздарға үйретуге тура келді. Ал екі жылдан кейін жұмысым көбейгені сонша, өз мінезімді көрсетуге де мүмкіндігім болды.
«Жизель» спектаклі кезінде барлық грим бөлмелерінен жан-жақтан: «Маған кірші! Маған!» деген дауыстар естілетіні есімде. Мен дәліздің басына тұрып: «Ретімен барамын. Қанша айқайласаңдар да!» дедім. Соңғы бөлмеге жеткенде босаңсып, отыра бергенім сол еді, кенет өзімді нашар сезініп, қатты жүрегім айни бастады. Әртістердің бірі мені ұстап үлгеріп, қолжуғышқа жеткізді. Бұл жүйкенің қатты ширығуынан болды: сол кезде қысқа уақытта 18 шаш үлгісін жасауға тура келген еді.
— Сіз спектакль кезінде де босаңсымайсыз ғой: біреудің мұрты түсіп қалмасын деп сахна сыртын бақылап тұрасыз ба?
— Қазір ондай уайымдамаймын! (Күледі). Барлық спектакльді жатқа білемін, бәрі бақылауымызда. Театр маған бірде-бір жағымсыз эмоция бермейді. Кейде үйде бір жерім ауыра бастағанын сеземін де, жұмысқа баруым керек екенін түсінемін: креслоның артына тұра қалсам, сол сәтте-ақ барлық сырқатты ұмытып кетемін. Мен үшін театр — ем, жұмысымда жаным рахат табады!
Ал мұрттар кейде түсіп қалуы мүмкін, өйткені ыстық, адамдар терлейді немесе әртіс қырынбаған болады. Әртістер мұны сезсе, мүмкіндігінше спектакль кезінде өздері грим бөлмесіне жүгіріп келеді немесе қойылымды қадағалап отырған режиссердің көмекшісі байланыс арқылы: «Гримшілер, сахнаға желім!» немесе: «Сахнаға лигнин!» деп хабарлайды.
— Опалап жіберу үшін бе?
— Қазір ешкім опаламайды, жай ғана сүртіп аламыз. Өйткені вазелин мен бояулар негізінде жасалған ауыр кеңестік театр гримін өте сирек қолданамыз, тек аса айқын мінезді образ жасау керек болғанда ғана, кең бояу штрихтарымен жұмыс істейміз. Қазір біз косметика қолданамыз. Сапасы да жаман емес, көбіне гипоаллергенді. Әртүрлі танымал маркалар бар, тіпті «Chanel» де аламыз.
Гримшілер әртістің жанында үнемі тек ол қобалжып, сахна сыртында қасында тұруды өтінген кезде ғана болады. Тағы бір ерекше спектакльдер бар, мысалы, «Коппелия» балеті: онда біздің гримші бірінші актінің бәрінде сахнадағы шкафтың ішінде отырады. Отырасың да, есік жабылып, балеринаны киіндіру керек сәтті күтесің. Шкаф бутафорлық: ішінде бір гримші мен екі костюмер сыюы тиіс тар қорап. Әуелі есік ашылады, біз перденің артында көрінбейміз, балерина ішке отырады, шкаф жабылады, сол кезде біз өз жұмысымызды істейміз.
Бірақ, шынымды айтсам, мұндай нәрселерді айтқанды ұнатпаймын. Театрға алғаш келгенімде, директор сахна сыртына құрбыларымызды ертіп кіргізгеніміз үшін бізді қатты ұрысатын. Сахнадан тыс жерде болатынның бәрі құпия болып қалуы тиіс. Әйтпесе ертегі, театрдың сиқыры жоғалады! Бұл — менің терең сенімім.
— Онда неге әртістермен бірге грим бөлмеңізде рилстер түсіріп, оларды әлеуметтік желіге саласыз?
— Біз ол жерде жай ғана әзілдейміз, көрермен менің грим жасау процесімді көрмейді. Біздің ішкі асүйіміз сіздерге не үшін керек?
— Ал сіз өзіңіз жеке істеріңізбен айналысып жүргенде париктер өздері оралып жатқан бейнелеріңізбен не айтқыңыз келді?
— Бұл біздің жұмысымыздың ерекшелігін түсінбейтіндер үшін. Кейбіреулер: «Сейсенбі мен сәрсенбіде спектакль жоқ болса да, таңертеңнен бері мұнда не істеп жүрсіздер?» деп сұрайды. Олардың ойынша, мысалы, барлық постижерлік бұйымдар — париктер, сақалдар, мұрттар, шаш жапсырмалары — өздігінен оралады, өздігінен тазаланады, жуылады және жөнделеді. Біз мұны осылай әзілмен жеткіземіз.
— Сіз мүлде жанжалға бармайтын адам сияқтысыз. Бір театрда осынша жыл жұмыс істеуіңіздің себебі де сол ма?
— Белгілі бір жағдайда әртіске: «Сен маған кедергі келтіріп тұрсың!» деп айта аламын, егер ол қыңырланып, қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік бермесе. Тағы бір ұнатпайтыным — кешігу. Мен спектакль алдында нақты кім маған келетінін алдын ала білемін және әрқайсысына жеке уақыт есептеймін: біреуге 15 минут керек, біреуге бір сағаттан артық уақыт қажет, өйткені кейбірі бірден сахнаға шыққанды жақсы көреді, ал кейбіріне дайындалып, бой жазу керек. Егер бәрі жоспар бойынша жүрмесе, ол жерде шығармашылыққа орын қалмайды.
Иә, мұның бәрі оңай емес, өйткені біздің ұжымда 700 адам бар. Мен олармен өз туғандарымнан да көп уақыт өткіземін. Екі-үш айға созылған гастрольдер болды, сол кезде тәулік бойы бірге боламыз: театрда, қонақүйде, асханада. Сонда неге жанжалдасып, ренжісу керек?
— Балаларыңыз да театр мамандығын таңдады ма?
— Үлкен ұлым біздің театрда жарық қоюшы суретші болып жұмыс істейді, ал кіші ұлым Пермь хореографиялық училищесін бітірді, қазір Түркияда неоклассикалық балет билейді. Қайда барсын, екеуі де театр қабырғасында, менің грим бөлмемде өсті және бала кезінен біздің барлық спектакльдерді көрді.
Көптеген театр балалары театр қабырғасында өседі. Ата-анасы жұмыста болғанда оларды қайда қалдырасың? Осыған байланысты қызық жағдайлар да болған: балалар күтпеген жерден сахнаға шығып кететін. «Жизель» спектаклінде алдыңғы планда шаруалар жүріп бара жатады, ал артқы жақта, тюльдің ар жағында бес жас шамасындағы бала кері бағытта кетіп барады. Тоқтады, залға қарады да, әрі қарай жүріп кетті! Ол бала әлдеқашан ер жетті, балет әртісі болды және қазір, бәлкім, балеттен зейнетке шыққан да шығар. Сонда театрды бір отбасы емес деп кім айта алады?
Оксана Василенко, фотосуреттерді Елена Коновалова мен Владимир Третьяков ұсынған, Алматы