Театр тарихы - КазНТОБ имени Абая
Театр тарихы

Театр тарихы

Театр тарихы

1925

Қазақстан Халық ағарту орталығының қаулысы бойынша Қызылорда қаласында кәсіби қазақ театрының негізі қаланды.

1933

Алматы қаласында болашақ Қазақ музыкалық опера және балет театрының негізін құрайтын мемлекеттік музыкалық студия құру туралы шешім қабылданды.

1934

13 қаңтар күні театр шымылдығы Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша қойылған «Айман–Шолпан» музыкалық спектаклімен ашылды. Бірнеше күннен кейін студия «Қазақ мемлекеттік музыкалық театры» болып қайта құрылды.

1935

Театр репертуарына әлемдік опера классикасының туындылары енгізілді.

1936

Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Қыз Жібек» және «Жалбыр» опералары сахналанды.

1937

Театр «Қазақ мемлекеттік опера және балет театры» атауын алды. «Ер Тарғын» операсы сахналанды.

1938

Алғашқы қазақ балеті – «Қалқаман–Мамыр» көрерменге ұсынылды.

1944

Театрға академиялық мәртебе берілді. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсының премьерасы өтті.

1945

Ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының 100 жылдығына орай театрға оның есімі берілді.

1946

Композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсы сахналанды.

1949

«Біржан — Сара» операсының авторлары мен басты рөлдерді орындаушылар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

 1950

Театрға Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова сынды өнер майталмандары келді. Репертуар бірқатар классикалық опералар мен балеттермен толықты.

1960

Репертуар кеңейді. Әлемдік классика белсенді игерілді. КСРО театрларымен ынтымақтастық орнатылып, труппа шетелдік гастрольдерге шықты.

1970-1980

Театр репертуарына «Еңлік–Кебек», «Алпамыс», «Құрманғазы» және басқа да эпикалық ұлттық туындылар енгізілді.

1985

Театр алғаш рет Германияда гастрольдік сапармен өнер көрсетті.

1990

Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде театр дамуының жаңа кезеңі басталды. Ұлттық тарихи тақырыптағы қойылымдар сахналанды.

2000 жылдар

Сахнада белгілі өнер шеберлері мен жас таланттар өнер көрсетіп, театр репертуары жаңарып, шығармашылық дамуы жалғасты.

2020 жылғы 19 желтоқсанда

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен театрға Ұлттық мәртебе берілді.

Бүгін

Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры — еліміздегі басты мәдениет ошақтарының бірі. Театр репертуарында 300-ден астам опералық және балеттік қойылым бар. Сондай-ақ, театр әртістері әлемнің жетекші сахналарында табысты өнер көрсетіп келеді.

Бүгінде театр бай дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа шығармашылық көкжиектерге жол ашып, қарқынды дамуын жалғастыруда.

Театр музейі де айтарлықтай жаңартылды: экспозиция заманауи форматта қайта жасақталып, жаңа бірегей экспонаттармен толықтырылды. Олардың қатарында алғашқы қазақ операсы жазылған композитор Евгений Брусиловскийдің роялі де бар.

Театр демеушілерінің қолдауының арқасында театр ғимаратының ішкі бөліктеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әртістер мен көрермендер үшін қолайлы жағдай жасалды.

Театр сахнасында ұлттық опера мен балет өнері белсенді дамуын жалғастыруда. Соңғы жылдардағы ең ауқымды қойылымдардың бірі — «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы. Қойылымға солистер, симфониялық оркестр, хор және балет труппасын қоса алғанда шамамен 300 өнерпаз қатысып, арнайы 173 сахналық киім тігілді. Спектакль заманауи сценографиясымен және ауқымды декорацияларымен ерекшеленеді.

Балет репертуарындағы маңызды оқиғалардың бірі — «Ұлы Жібек жолы» балеті. Ұлттық өнеріміздің рухани әлеуетін танытатын, тарихи жадымызды жаңғыртып, қазіргі қазақ балетінің жаңа белесін айқындаған ерекше мәдени оқиға болды.

Сондай-ақ театр сахнасында алғаш рет қазақтың бай музыкалық мұрасын жаңа қырынан танытқан «Япурай» гала-хор спектаклі ұсынылды. Бұл қазақтың бай музыкалық мұрасын жаңа леппен, дәстүр мен жаңашылдықтың, сахналық қойылым мен хор өнерінің терең үндестігін танытатын хор қойылымы.

Қазіргі таңда театрымызда:

  • 3 – «Қазақстанның Халық әртісі»;
  • 14 – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» қызмет етеді.

Театр танымал шеберлердің тәжірибесін жас буын таланттарының шығармашылығымен ұштастыра отырып, ұлттық өнерді дамыту жолында еңбек етіп келеді және ел мәдениетінің басты орталықтарының бірі болып қала береді.

Байланыс

Сатып алулар және комплаенс

Тіл таңдау