Мақсат Саматов — Мәскеудегі Халықаралық байқаудың Дипломанты атанды!
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры опера труппасының жетекші солисі Мақсат Саматов Галина Вишневская атындағы Х Халықаралық опера әртістері байқауының Дипломанты атағын жеңіп алды!
Ағымдағы жылдың 30 мамыры мен 4 маусымы аралығында Мәскеу қаласында әлемдегі ең беделді вокалдық байқаудың бірі өтті. Биылғы мерейтойлық байқаудың орны ерекше — ол аңызға айналған әнші Галина Вишневскаяның туғанына 100 жыл толуына ұйымдастырылған.
Музыкалық додаға қатаң іріктеуден өткен әртүрлі елдердің ондаған дарынды жас вокалистері қатысты. Бұл байқаудың басты ерекшелігі — қазылар алқасы қатысушыларды тек вокалист ретінде емес, дәл осы опера әртісі ретінде бағалайды. Олардың актерлік шеберлігі, сахналық бейнені ашу тереңдігі мен өзін сахнада ұстау мәнері басты назарға алынады.
Мұндай деңгейдегі халықаралық додада финалға шығып, диплом иегері атану — жоғары кәсібиліктің және әлемдік мойындаудың айқын дәлелі.
Мақсат Саматұлын әлемдік сахнадағы осы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Сарқылмас шабыт, жаңа ғажайып партиялар мен көрерменнің ыстық ықыласын тілейміз!

