Музыка, алғыс пен махаббатқа толы екі кеш
Абай театрында Әлібек Дінішевтің мерейтойы аталып өтті.
5 және 6 қараша күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ерекше кездесулердің, ыстық естеліктер мен шынайы эмоциялардың ордасына айналды. Екі мерекелік кеш көрнекті опера әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Мұсаұлы Дінішевтің 75 жылдық мерейтойына арналды. Оның қайталанбас үні бірнеше буын тыңдарманының жүрегінен ерекше орын алған.
Екі кеш те ерекше жылы әрі жанға жақын атмосферада өтті. Бұл күндері сахна мен көрермен залының арасында ешқандай шекара болған жоқ. Бар болғаны – музыка, өнерге деген шынайы сүйіспеншілік және таланты еліміздің музыкалық тарихының ажырамас бөлігіне айналған тұлғаға деген терең құрмет пен алғыс.
5 қараша күні мерейтойлық шаралар Джузеппе Вердидің «Травиата» операсымен ашылды. Виолетта мен Альфредтің мәңгілік махаббаты туралы сыр шертетін шығарма, солистердің әсерлі дауыстары, хор мен симфониялық оркестрдің үйлесімді үні кешке ерекше эмоциялық тереңдік сыйлады. Верди музыкасы өмірін биік опера өнеріне арнаған маэстроға арналған тамаша музыкалық тартуға айналды.
6 қараша күні мерекелік шаралар қазақтың сүйікті әндері, романстар мен әлемдік вокалдық классика жауһарлары топтастырылған гала-концертпен жалғасын тапты. Концерт бағдарламасына Әлібек Дінішевтің шығармашылық жолында айрықша орын алатын туындылар енді.
Кештің ең көп күткен әрі әсерлі сәті концерттің екінші бөлімінде болды. Бұл жолы сахна төріне мерейтой иесінің өзі көтерілді! Маэстроның өнер көрсетуіне оның жиені Карина Абдуллинаның қатысуы кешке ерекше жылылық сыйлап, музыкалық мерекенің қуанышын бірге бөлісті.
Әлібек Дінішевтің орындауында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Матвей Блантердің «За высокими горами», Агустин Лараның «Solamente una vez», Хосе Падильяның «Клавелитос» және Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндері шырқалды.
Әлібек Дінішевтің қайталанбас дауысын қайтадан жанды дауыста естіп, оның ғажайып өнеріне тәнті болып, әр шығарманы жүрекпен сезініп орындайтын шынайылығы мен тереңдігін сезіну – қандай бақыт десеңізші! Осы сәттерде көрермен залы демін ішіне тартып, өзіне таныс әрі сүйікті әуендерге құлақ түрді. Маэстроның әрбір орындауы көрерменнің ыстық ықыласы мен зор алғысына бөленді.
Мерекелік концертке театрдың опера солистері Оксана Давыденко, Нұрғалым Аманбай және Балуан Беркенов қатысты. Театрдың симфониялық оркестрін мерейтой иесінің көптен бергі досы, маэстро Ренат Салаватов пен театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов, хор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас хормейстерi Әлия Темірбекова басқарды. Концерт режиссері – Наталья Кагадий.
Бұл екі кеш көрермендерге тамаша музыкалық әсер ғана емес, ерекше рухани жақындық сезімін де сыйлады. Олар өнерімен бүгінге дейін қуантып, таңғалдырып, шабыттандырып келе жатқан көрнекті өнер иесіне деген шынайы сүйіспеншілік пен құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Құрметті Әлібек Мұсаұлы!
Сізді 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Қайталанбас үніңіз, жомарт жүрегіңіз, талай жылдан бері бізбен бірге жасасып, жүрегімізден ерекше орын алған ғажайып музыкаңыз үшін алғысымызды білдіреміз.
Сізге зор денсаулық, бақыт, сарқылмас шабыт және көрермендермен әлі талай жарқын кездесулер тілейміз!
Әсем үніңіз әлі талай жыл сахна төрінен шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласы мен алғысы әрдайым жүрегіңізге жылу сыйласын!