Балет биігіндегі «Ақбала»
Ғасырлық белеске бет алған Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңа маусымын ұлттық балетпен ашты. Бұл таңдау театрдың бүгінгі көркемдік ізденісін аңғартқандай. Әлемдік классикамен қатар ұлттық әдебиеттегі ірі шығармаларды сахна тіліне айналдыру – тақырып жаңартудан бұрын көрерменмен рухани байланысты жаңғыртудың да бір жолы.
Сөзсіз сөйлеген Ақбала
Кезінде опера мен балет тамашалау мәдениеттің айрықша белгісі саналатын. Классикалық қойылымға сәнді киініп бару, театр залында өнердің биік тынысын сезіну – қаланың мәдени өмірінің табиғи бір бөлігі еді. Уақыт өзгерді. Көрерменнің талғамы мен ақпарат тұтыну тәсілі де түрленді. Театр енді көрерменді тек сәнді сұлба, үйренген дағдыда қарсы алатын ғана емес, оның бүгінгі сұранысын түсінуге де ұмтылатын кеңістікке айналуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, театрдың 93-маусымын «Ақбала» ұлттық балетімен ашуы – назар аударарлық қадам.
Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы негізінде туған қойылым қазақ әдебиетінің көрнекті шығармасын би тіліне көшіру арқылы ұлттық хореографияның мүмкіндігін сынап көрді. Бірнеше буын оқып өскен роман бұл жолы сөзден арылып, музыкаға, қимылға, пластикаға айналды. Еламан, Ақбала, Тәңірберген үштағаны арасындағы әлеуметтік-психологиялық тартыс сахналық қозғалыс арқылы жан-жақты қырынан терең пайымдалды.
Рас, бастапқыда біз секілді көрерменнің көңілінде: «Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тер» трилогиясының басты да ең қасіретті кейіпкерлері арасындағы әлеуметтік, психологиялық арпалысты, аласұрған тағдырлардың ахуалын балет жеткізе ала ма?» деген күмәннің болғаны белгілі. Өйткені «Қан мен тер» – Арал өңірінің ауыр тұрмысын, теңіз жағасындағы балықшылар тіршілігін, адамның ішкі арпалысын кең тыныспен суреттеген шығарма. Ал балет табиғаты – сұлулыққа, ырғаққа, пластикаға құрылған сөзсіз өнер. Романдағы әлеуметтік шындық пен психологиялық иірімдерді қимыл арқылы жеткізу оңай міндет емес. «Ақбала» осы күрделі міндетті шешудің өз жолын іздейді. Мұнда әдеби мәтін қайталанбайды, оның ішкі қуаты басқа өнердің мүмкіндігімен қайта пайымдалады. Кейіпкердің жан күйзелісі сөзбен емес, қимылмен, ырғақпен, музыкамен сезіледі. Осы тұрғыдан қойылым театр тарихындағы заманауи мазмұндағы алғашқы ұлттық балет ретінде маңызды.
Спектакльдің өзегінде Ақбала бейнесі тұр. Ә.Нұрпейісов прозасында нәзік те қасіретті бояумен сомдалған бұл кейіпкердің тағдыры жеке адамның трагедиясынан әлдеқайда ауқымды. Оның бойында әйелдің, отбасының, тұтас қоғамның күйзелісі тоғысады. Сондықтан Ақбаланың тағдыры сахнада жеке өмір оқиғасы болып қалмай, дәуірдің рухани драмасына ұласады.
Театр директоры Айнұр Көпбасарова қойылымның негізгі мақсаты адамның ішкі жан дүниесін, таңдауын, туған жерге, отбасы мен Отанға деген сезімін сахна тілімен жеткізу екенін атап өтті.
«Ақбала» – театр тарихында заманауи мазмұнда қойылған алғашқы балет. Бұл – әйел тағдырын арқау еткен шығарма. Ал әйел тағдырының ар жағында тұтас елдің тағдыры жатыр. Осы бейне арқылы адамның ішкі жан дүниесін, өмірлік таңдауын, Отанға, отбасына, туған жерге деген сүйіспеншілігін жеткізуді көздедік. Ақбаланың тағдыры арқылы көрерменнің өз жүрегіне жақын сезімдерді, адам болмысына ортақ толғаныстарды сезіндіруге ұмтылдық. Балеттің тағы бір ерекшелігі – заманауи көркем тілге құрылғанымен, ұлттық өзегін жоғалтпауында. Қойылымда хор, қылқобыз, симфониялық оркестр, опера солисі мен балет әртістерінің өнері тоғысып, түрлі сахналық мүмкіндіктер бір арнаға бірікті. Осы шығармашылық үндестіктің нәтижесінде ұлттық бояуы бар жаңа сипаттағы балет дүниеге келді, – деді театр басшысы.
Бұл ізденіс бүгінгі мәдениеттің алдында тұрған маңызды сауалмен сабақтасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениеттің қазіргі заманмен үндесуіне тоқталып, «төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет» деген еді. Мұның мәнін «Ақбала» мысалынан анық көруге болады. Мұнда ұлттық мазмұн заман талабына икемделу үшін жұтаңдатылмайды. Керісінше, қазақ әдебиетінің ірі туындысы бүгінгі сахнаның мүмкіндіктері арқылы қайта оқылады. Кеше сөзбен суреттелген әлем бүгін музыкамен, пластикамен, жарықпен, кеңістікпен сөйлейді. Яғни жаңару ұлттық болмыстан алыстау емес, сол болмысты жаңа көркемдік тілде танытуға ұмтылыс ретінде көрінеді.
Классикаға жаңа көзқарас
Иә, ұлттық өнерді дәстүрлі пішінмен ғана өлшеу аздық етеді. Ұлттық болмыс кейіпкер мінезінен, музыка мен ырғақтан, пластикадан, сахналық кеңістікті игеруден де көрінеді. «Ақбала» осы ұғымның аясын кеңейтуге ұмтылды. «Ақбаланың» тағы бір ерекшелігі – қойылымның Германиядан арнайы шақырылған хореограф Аршак Галумянға тапсырылуы. Шетелдік маманды шақырудың мәні көркемдік тәжірибені кеңейтіп, ұлттық өнерді әлемдік сахна тілімен тоғыстырудан ізделуі керек. Театр басшылығы да осы ұстанымды алға тартты:
Шетелдік режиссерлер мен хореографтарды шақыруды өз елімізде кәсіби мамандардың жоқтығынан емес, ұлттық мәдениетімізді заманауи өнер тілі арқылы әлемге таныту және халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігі деп қабылдаған жөн. Әлемдік тәжірибеде мұндай шығармашылық байланыс кең тараған, ал біздің әртістер мен солистер үшін танымал шеберлермен жұмыс істеудің маңызы зор. Біз бұған дейін Давиде Ливермор, Карло Шаккалуга, Элеонора Перонетти секілді шетелдік мамандармен жұмыс істедік. Серіктес таңдағанда олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, ұлттық болмысымызды қаншалықты түсініп, оны өз режиссурасы мен пластикасы арқылы жеткізе алатынына мән береміз. Мақсат – ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, заманауи көркем тіл қалыптастыру һәм ұлттық мәдениетімізді, музыкамыз бен рухани әлемімізді қазіргі өнер тілі арқылы халықаралық аудиторияға таныту, – деп атап өтті директор.
Әлемдік сахнада тәжірибе алмасу, түрлі мектептердің тоғысуы – шығармашылық дамудың қалыпты жолдарының бірі. Абай театры бұған дейін де шетелдік режиссерлер мен суретшілермен бірлескен жобалар жасаған. Бұл жолы таңдау Аршак Галумянға түсті. Хореографтың өзі Абай театрының репертуарындағы классиканың басымдығын атап өтіп, қазақ мәдениеті мен тарихына құрметпен қарайтынын айтты. Оның пікірінше, балеттің қуаты – сөзсіз-ақ сезім мен мінезді, әрекет пен сюжетті дене қозғалысы арқылы көркем жеткізуінде.
Абай театрының репертуарын жақсы білемін. Шетінен тұнып тұрған классика. Елдеріңіздің тарихы тереңде жатыр. Мен оған зор құрметпен қараймын. «Оқырман мен көрермен жүрегіне әлдеқашан жетіп қойған айтулы шығарманы жеткізе аламын ба? Көрермен оны қалай қабылдар екен?» деген уайым менде де бар. Балеттегі дене, әрекет – бұл сөзсіз айтарыңды, сезім, мінез бен сюжетті көрерменге жеткізудің жоғары деңгейдегі өнері. Балет әртістері дененің қозғалысы, пластикасы арқылы тұтас бір хикаяны баяндай алады. Бұл тұрғыдан Абай театрының шығармашылық труппасы көңілге құрмет орнықтырды. Іргелі ізденіс пен талантты жұмыстың куәсі болдым, – деді хореограф қойылымның өмірге келу үдерісінен сыр ашып.
Демек, «Ақбалада» екі дүние тоғысады. Бір жағында – қазақ әдебиетінің классикалық мұрасы. Екінші жағында – қазіргі хореографияның тілі. Осы екі арнаның үндесуі ұлттық балеттің келешегіне қатысты маңызды мәселені алға шығарады: ұлттық мазмұнды заманауи тілде қалай сөйлетуге болады? Бұл сұрақтың бір ғана жауабы жоқ. «Ақбала» соның бір нұсқасын ұсынып отыр.
Абай театрындағы осы бағытта қойылған қойылымдар қатарына «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсын да қосуға болады. Ұлттық тарихқа негізделген операда да тарихи материал қазіргі сахналық мүмкіндіктермен сабақтастырылды. «Ақбала» әдеби мұраны хореография арқылы қайта пайымдаса, «Хан Сұлтан» ұлттық тарихты опера жанрының заманауи мүмкіндіктері арқылы сөйлетуге ұмтылады. Екі шығарманың табиғаты бөлек болғанымен, ортақ ізденісі – ұлттық дүниені бүгінгі көрерменге заманауи театр тілімен жеткізу.
Аралдың мұңы – сахнаның тілі
Жаңа қойылымның құндылығы оның жас шығармашылық иелеріне жол ашуымен, ал кейбір маманның өзін жаңа салада сынап көруімен де өлшенеді. Балеттің музыкасын жазған Аружан Октябрь – классикалық музыка кеңістігінде әлі кең танылып үлгермеген жас композитор. «Ақбала» оған ұлттық тақырыптағы ірі хореографиялық шығармаға өз қолтаңбасын қалдыруға мүмкіндік берді. Сол секілді театрдың Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі журналист Шынар Омарованың да жаңа қойылымның сахнаға жол тартуына сіңірген еңбегі мол. Талай тұшымды дүниенің авторы ретінде есімі кеңінен танылған әріптесіміз либретто авторы ретінде балет жанрына алғаш рет қалам тартып отыр, яғни «Ақбала» – оның дебюті. Шынардың шығармашылық ізденісіне Мәскеудегі Үлкен театр сахнасынан көрген «Анна Каренина» балеті түрткі болыпты. Әдеби шығарманың хореография арқылы жаңа өмірге келу мүмкіндігін көрген автор қазақ әдебиетінің классикалық туындыларына қайта үңілген. Осылайша, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясындағы Ақбала, Еламан мен Тәңірберген арасындағы күрделі қарым-қатынасты балет тілімен жеткізуге болатынына көзі жетіп, роман-эпопеяны либреттоға айналдырып, Көркемдік кеңеске ұсынған.
Ақбала жұрт жазғырса да, ешкім түсінбесе де, табаласа да, ол – Ақбала. Ол – жазушының ақ қауырсындай аялап суреттеген Ақбаласы. Мен үшін оның тағдыры – тек бір әйелдің тағдыры емес, өз сезімі мен таңдауын қорғауға ұмтылған адамның трагедиясы. Ақбаланы сахнаға шығарғанда оны айыптаудан бұрын түсінуге тырыстым, – дейді Шынар Омарова.
Либретто авторының айтуынша, балетті тереңірек сезіну үшін «Қан мен терді» толық оқып шығудың артықтығы жоқ. Өйткені сахнадағы қимылдардың ар жағында жазушы суреттеген кең тынысты әлем жатыр. Балықшы қауымның ауыр тіршілігімен қатар, сезім мен таңдау, махаббат пен қызғаныш, үміт пен өкініш арпалысады. Сол қақтығыстың ең нәзік әрі драмалық өзегі – Ақбаланың ішкі әлемі.
«Ақбаланы» махаббат үштағаны немесе әйел тағдыры туралы балет деу жеткіліксіз. Қойылымның астарында Арал қасіреті жатыр. Теңіз мұнда жай ғана мекен емес, тағдырдың рәмізі. Қираған шаңырақ, ана болу, жоғалту, суалып бара жатқан кеңістік – спектакльдің әлеуметтік салмағын арттыратын сахналық ишаралар. Нұрпейісов прозасының ауыр шындығы сахнада тура баяндалмайды. Ол пластика арқылы сезіледі. Бұл – әдеби шығарманы балетке бейімдеудің табиғи шарты: сөзбен айтылған дүниені қайталау емес, оның рухын басқа өнердің тілімен қайта сезіндіру.
Басты партияларға таңдалған әртістер де спектакльдің көркемдік деңгейін айқындады. Классикалық мектептен шыққан Рүстем Иманғалиев (Тәңірберген) пен Архат Әшірбек (Еламан) заманауи хореография тіліне еркін бейімделіп, кейіпкерлерінің мінезі мен ішкі болмысын пластика арқылы шебер ашты. Екеуінің де орындауында актерлік даралық пен би техникасы табиғи сабақтастық тапқан. Ақбала партиясындағы Милана Рахимбекова да көрермен назарын аударды. Оның contemporary техникасын меңгеруімен қатар, кейіпкердің нәзіктігі мен ішкі қайшылығын қозғалыс арқылы жеткізуі образды нанымды ете түсті. Осы тұста қоюшы-дирижер Нұржан Байбосынов атап өткендей, мұндай спектакль бір адамның емес, тұтас шығармашылық топтың еңбегі. Композитор, хореограф, балетмейстер, дирижер, хормейстер, солистер мен бишілердің еңбегі бір арнаға түскенде ғана сахналық дүние тұтас көркемдік жүйеге айналады.
Әрине, алғашқы қойылымның мінсіз болуы шарт емес. Кей тұста балет әртістерінің еркін тыныспен қимылдауына мүмкіндік беретін кең құлашты пластиканың жетіспей жатқаны байқалды. Біздіңше, ұлттық материалдың ішкі қуаты қозғалыстың ауқымынан анық сезілсе, спектакльдің сахналық тынысы да одан әрі кеңи түсер еді. Дегенмен бұл – ізденісті жоққа шығаратын кемшілік емес, қойылымның әлі де толығып, жетілуіне мүмкіндік барын көрсететін шығармашылық белгі. Ең маңыздысы – қазақ әдебиетінің классикалық туындысы балет сахнасына шықты.
Айтулы премьера хореография өнерінің көрнекті өкілдері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері, белгілі педагог-репетитор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Людмила Рудакова мен балет әртісі әрі ұстаз Эдуард Мальбековтің рухына арналды. Биыл ғана өмірден өткен қос сахна саңлағы «Ақбаланың» дүниеге келетінін білгенімен, оның премьерасын көруге жете алмады. Театрдың жаңа туындысын сол өнер иелерінің рухына бағыштауы – сахна дәстүріне деген құрметтің белгісі.
Ғасырлық межеге жаңа мазмұнмен
Театрдың 93-маусымындағы жаңалық «Ақбаламен» шектелмейді. Қарашаңырақтың интерактивті музейі де жаңарып, құнды жәдігерлермен толықты. Көне афишалар, сахналық костюмдер, театр тарихындағы тұлғалардың бейнелері, суретшілердің туындылары – мұның бәрі театрдың көркем шежіресін көзбен көруге мүмкіндік берді. Музей қорына театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Колоденконың сирек картинасының қосылуы да осы тарихи жадты байыта түсті. Балериналардың дайындық кезі бейнеленген қылқалам туындысын хор ұжымының амбассадоры Зәуре Розмат пен оның анасы Рәзия Есенбаева музейге сыйға тартып отыр.
Иә, өткенді сақтау – тарихқа тағзым болса, оны жаңа тілде жалғастыру – өнер өміршеңдігінің белгісі. «Ақбала» осы екі міндеттің арасындағы көпір секілді. Бір жағында – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері». Екінші жағында – XXI ғасырдың көрермені. Бір жағында – қазақ әдебиетінің классикалық мұрасы. Екінші жағында – заманауи хореография. Осы тұста креативті индустрия туралы сөздің де театр сахнасына қатысы айқындала түседі. Креативтілік тек цифрлық технология немесе жаңа форматпен өлшенбейді. Оның өзегінде идеяны жаңаша ұсыну, мәдени мұраны жаңа формада қайта пайымдау, шығармашылық ізденіске мүмкіндік беру жатыр. «Ақбала» – соның жарқын мысалы.
Бұл үрдістің тағы бір қыры – ұлттық өнер жобаларына меценаттық қолдаудың қосыла бастауы. Мәселен, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қолдауымен сахналанса, «Ақбала» Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асты. Үлкен сахнадағы күрделі технологиялық әрі техникалық шешімдерді жүзеге асыруда мұндай қолдаудың орны бөлек. Өнердің сапалы дүниеге айналуы шығармашылық ізденіспен қатар материалдық мүмкіндікті де қажет етеді. Ал театр үшін маңыздысы – сол мүмкіндікті мазмұнды өнерге айналдыра білу. «Ақбала» қойылымы мәдени мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңа көркемдік тілде қайта пайымдау дәстүрінің жалғасы іспетті. Қалай десек те, жаңа балет кешегі тарих пен XXI ғасыр көрерменін хореография тілімен жалғай отырып, ұлттық өзегінен ажырамаған заманауи туынды тарту етіп отыр.
Ғасырға қарай бет алған театрдың алдында алты жыл бар. Бұл уақыт ішінде көрермен де, репертуар да, театрдың тынысы да өзгеруі мүмкін. Бірақ ұлттық өнердің өзегін сақтай отырып, уақытпен тілдесу талабы өз мәнін жоғалтпауға тиіс. «Ақбала» – осы ізденістің бір көрінісі. Кеше оқылған шығарманы бүгін сахнаға шығару ғана емес, бүгінгі көрерменді ертеңгі классикаға айналар жаңа дүниелерге жетелеу – ғасырлық театрдың келесі белесіне бастайтын жол. «Ақбаланың» биігі де осында: ол өткеннің мұңын қайталамай, оны бүгінгі сахна тілімен қайта сөйлетуге талпынды. Қара шаңырақ театрдың ғасырлық межеге бағыт алған тағылымды жолы да осындай іргелі ізденістерден басталса керек.
Айнаш Есали,
Назерке Жұмабай,
«Egemen Qazaqstan»