Жаңа музей, премьералар мен жаңарған залдар: Абай атындағы театр 93-ші маусымын ашты - КазНТОБ имени Абая
17.09.2026

Жаңа музей, премьералар мен жаңарған залдар: Абай атындағы театр 93-ші маусымын ашты

Жаңа музей, премьералар мен жаңарған залдар: Абай атындағы театр 93-ші маусымын ашты

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші театр маусымын меценаттар мен серіктестердің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды жобалармен ашты. Театрдың жаңа маусымда атқарған жұмыстары және мұндай серіктестіктің мәдениет ордасының дамуына қосып отырған үлесі туралы «Ұлттық театр қоры» қоғамдық қорының өкілдері айтып берді.

Қордың мәліметінше, театрдың Freedom компаниясымен серіктестігі осыдан екі жыл бұрын басталған. Содан бері бұл ынтымақтастық мәдениет ұйымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың біріне айналды. Freedom Shapagat корпоративтік қорының қолдауымен Ұлттық театр қоры құрылып, театр музейі мен Хор галереясы жөндеуден өтті. Сонымен қатар құрметті қонақтарға арналған «Изумрудный зал» жаңартылды.

Маңызды оқиғалардың бірі – қазақтың алғашқы операларының авторы, композитор Евгений Брусиловскийдің роялінің Хор галереясына қайта оралуы. Дәл осы аспаптың көмегімен отандық өнер тарихына енген бірқатар шығармалар дүниеге келген.

Қор өкілдері серіктестіктің театр әртістерінің кәсіби дамуына да жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті. Әртістер әлемдік сахна өкілдері – Ульяна Лопаткина, Акрам Хан және Барбара Фриттоли сынды өнер майталмандарынан тәлім алып, тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» мультимедиялық операсы Қазақстан, Түркия, Татарстан және Өзбекстан көрермендеріне ұсынылды.

«Freedom үшін бұл бір реттік қайырымдылық көмек емес, Қазақстан мәдениетін дамытуға бағытталған стратегиялық тәсіл. Мұндай қолдау мәдени мұраны сақтауға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Freedom Shapagat корпоративтік қорының басқарушы директоры Руслан Жұмашев.

Жаңа маусымдағы ірі жобалардың бірі – «Ақбала» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы. Қойылым 12 және 13 қыркүйекте көрермен назарына ұсынылды. Балет Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша сахналанды. Қойылымның бас демеушісі – Тимур Құлибаевтың Halyk Қайырымдылық қоры. Осы қолдаудың арқасында ұлттық әдебиеттің көрнекті туындысы театр тарихында алғаш рет заманауи хореография тілімен сахнаға шықты.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, Halyk-пен серіктестік бір ғана қойылыммен шектелмейді. «Театр және суретші» халықаралық симпозиум-пленэрі аясында бұрын жоғалған көркемсурет қорын толықтыруға бағытталған жаңа коллекция қалыптасып жатыр. Серіктестің қолдауымен ұлттық музыкалық мұраның заманауи интерпретациясы ретінде «Япурай» хореографиялық-хор қойылымы да дүниеге келді. Сонымен қатар театр музейі мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

«Halyk Қайырымдылық қоры қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мәдениет пен өнерді қолдау. Бұл жұмысты біз 2016 жылы бастадық. Бұдан бөлек, қор білім беру және спорт салаларында да жобаларды жүзеге асырады. Сондықтан бүгінде театрмен бірлесіп ауқымды әрі маңызды жұмыстар атқарып жатырмыз», – деді Тимур Құлибаевтың Halyk Қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшаихов.

Ұлттық театр қорында меценаттардың қолдауы театр қызметінің түрлі бағыттарын қамтитынын атап өтті. Серіктестердің қолдауының арқасында театр өз тарихы мен дәстүріне адал бола отырып, дамуын жалғастырып, ұлттық өнерді заманауи көрерменге жаңаша қырынан ұсынып келеді.

tengrinews.kz

Барлық жарияланымдар

Байланыс

Сатып алулар және комплаенс

Тіл таңдау