Абай атындағы ҚазҰОБТ-та Дүниежүзілік дауыс күніне орай фониатр кабинеті ашылды
16 сәуір — адам баласына берілген ең кемел әрі бірегей аспап — Дауыс күні. Дауыс сезімді жеткізуге, шабыттандыруға, жан дүниеңді тебірентіп, жүректерді біріктіруге қабілетті.
Осынау ерекше күнде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында заманауи, бірегей медициналық техникамен — стробоскоп және эндоскоппен жабдықталған фониатр кабинеті ашылды. Бұл дауысқа кәсіби деңгейде күтім жасау жолындағы маңызды қадам: енді әртістердің басты еңбек құралын дер кезінде емдеуге, алдын алу шараларын жүргізуге және оны сақтауға мүмкіндігі мол.
Біз талантты әншілеріміздің дауысы әлемнің ең үздік сахналарын бағындыра беретініне кәміл сенеміз. Олардың арасында қазірдің өзінде халықаралық байқаулардың лауреаттары өте көп, ал алда әлі талай жарқын жеңістер мен жетістіктер күтіп тұрғанына күмәніміз жоқ.
Мәдениетті дамытуға қосқан үлесі мен әртістерге көрсеткен қолдауы үшін «ЛОР орталығы V-ENT» ЖШС-не және оның бас директоры Тоғызбаева Динара Еркенқызына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Вокалистеріміздің дауысы еркін, сенімді әрі шабытты шырқала берсін!



















