«Ақбала»: Абай атындағы ҚазҰОБТ 93-театр маусымын ұлттық балет премьерасымен ашады - КазНТОБ имени Абая
24.08.2026

«Ақбала»: Абай атындағы ҚазҰОБТ 93-театр маусымын ұлттық балет премьерасымен ашады

«Ақбала»: Абай атындағы ҚазҰОБТ 93-театр маусымын ұлттық балет премьерасымен ашады

Қыркүйек айында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-театр маусымын ауқымды бағдарламамен ашады. Жаңа маусымның басты оқиғаларының бірі — 12 және 13 қыркүйекте өтетін ұлттық балет «Ақбала» премьерасы.

«Ақбала» — көрнекті қазақ жазушысы, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша сахналанған алғашқы балет қойылымы. Спектакльде ұлттық әдебиеттің көркем әлемі хореография, музыка және заманауи сахналық шешімдер арқылы жаңа қырынан ұсынылады.

Балеттің өзегінде тарихи өзгерістердің ортасында қалған әйел тағдыры жатыр. Қойылым хореографиялық образдар арқылы махаббат, ана болу, адам таңдауы, тағдыр және рухтың беріктігі тақырыптарын қозғайды.

«Ақбаланың» негізгі идеяларының бірі — Арал трагедиясы. Бір кездері тіршіліктің қайнар көзі болған теңіздің тартылуы, қалыпты өмір салтының бұзылуы және табиғаттың күйреуі спектакльдің көркемдік әрі эмоционалдық тілінде маңызды орын алады.

Қойылыммен халықаралық шығармашылық топ жұмыс істеді. Хореограф-қоюшы — Аршак Галумян (Германия), сценограф — Элеонора Перонетти (Италия), жарық суретшісі — Татьяна Мишина (Ресей). Қазақстандық шығармашылық топтың қатарында композитор Аружан Октябрь, либретто авторы Шынар Омарова, қоюшы дирижер Нұржан Байбусинов және театрдың басқа да жетекші мамандары бар.

«Ақбала» балетінің премьерасы Қазақстанның кәсіби балет өнеріне елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалар — аты аңызға айналған прима-балерина әрі педагог Людмила Рудаковаға және көрнекті балет әртісі, педагог әрі тәлімгер Эдуард Мальбековке арналады.

Ұлттық әдебиет, тарихи жады және заманауи сахналық өнер тоғысқан «Ақбала» спектаклі 93-театр маусымының негізгі шығармашылық жобаларының біріне айналмақ.

Жаңа қойылым арқылы Абай атындағы ҚазҰОБТ қазақ әдебиетінің жауһарларын балет өнерінің тілімен қайта таныстырып, ұлттық тақырыптарды заманауи сахналық эстетикамен ұштастыруды көздейді.

Барлық жаңалықтар

Байланыс

Сатып алулар және комплаенс

Тіл таңдау