Балет әртісі әрі педагог Эдуард Мальбеков дүниеден өтті - КазНТОБ имени Абая
19.08.2026

Балет әртісі әрі педагог Эдуард Мальбеков дүниеден өтті

Балет әртісі әрі педагог Эдуард Мальбеков дүниеден өтті

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры көрнекті балет әртісі әрі педагог, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Жабашұлы Мальбековтің 85 жасында дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Эдуард Мальбековті ел арасында «Би серісі» деп атаған. Жарқын биші, хореограф, балетмейстер әрі педагог, мәдениет, өнер, әдебиет пен тарих салаларында жан-жақты терең білімге ие зиялы тұлға Эдуард Жабашұлы бүкіл ғұмырын Қазақстандағы хореографиялық өнердің қалыптасуы мен дамуына арнады.
Ол сомдаған Эспадо, Крас, Тибальт, Принц Родбарт, Құман партиялары талай буын бишілері үшін шеберліктің биік үлгісіне айналып, кейіпкерлердің көркем бейнесін терең ашып, өзіндік орындаушылық мәнерімен дараланды.
Эдуард Мальбековтің көпжылдық шығармашылық еңбегі мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға лайықты бағасын алды.
Әр жылдары Эдуард Жабашұлы Абай атындағы МАТОБ директорының орынбасары, А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін абыроймен және зор жауапкершілікпен атқарды. Эдуард Мальбековтің шәкірттері бүгінде әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетіп, ұстазы секілді би өнеріне және көрерменге адал қызмет етіп келеді.
Оның жетекшілігімен «Салтанат», «Алтынай», «Гүлдер» шығармашылық ұжымдары жоғары орындаушылық мәдениетке қол жеткізіп, репертуарларын мазмұнды әрі есте қаларлық концерттік бағдарламалармен байытты.
Эдуард Жабашұлы Мальбековтің дүниеден өтуі — театр ұжымы, оның шәкірттері мен әріптестері, өнерін қадірлеген көрермендер және Қазақстанның бүкіл балет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Эдуард Жабашұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Осы ауыр қазаға ортақтасып, жақындарына қайрат пен сабыр тілейміз.
Эдуард Жабашұлы Мальбековтің есімі ұлттық хореографиялық өнер тарихына алтын әріптермен жазылып, жүрегімізде мәңгі сақталады.
Қоштасу рәсімі 2026 жылғы 20 тамызда сағат 10:00-де Абылай хан даңғылы, 46 мекенжайында өтеді.

Барлық жаңалықтар

Байланыс

Сатып алулар және комплаенс

Тіл таңдау